1 774

ҚАН БЕРУ – САДАҚАНЫҢ АБЗАЛЫ

Мұсылманның жеке тұлғасының кемелденуін, қоғамдық қызметтерінің жалғасуын қамтамасыз ететін факторлардың бірі – Алла жолында, оның разылығына қол жеткізу мақсатында дүние-мүлік, жан мен тән тағы да басқа мүмкіндіктерді қолдана отырып нәпақа жұмсау.

        Діннің  негізгі мұраты  - аса сезімтал, әдепті,биязы жандарды әзірлеу. Сол арқылы қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман, қоғам тудыру болып табылады.Осы мақсатты жүзеге асыруда рақымдылық пен мейірімділіктің көрінісі, зекет пен инфақтың (нәпақаның) орны айрықша.
       Құран Кәрімде екі жүзден астам жерде «инфақ» сөзі келсе, оның мағынасы «дүние –мүлік пен жанның Алланың жолына аталуы» дегенге  саяды. Яғни, Раббымыздың бізге нәсіп еткен игіліктерін, нығметтерін, қайтадан оның жолына сарп ету. Демек, бұған сүйенсек, мұсылман дегеніміз – һәм дүние – мүлкін һәм жанын өз разылығымен Аллаға атаған жан деген мағына шығады.
          Хақ Тағаланың көркем тәсілдерінің бірі «әл-Уәһһаб» болып табылады. Яғни, қайтарым күтпесен кез келген шақта, кез-келген жерде, кез-келген нәрсені молынан беретін Алла демек.Сол себепті Алла Тағала да жаратқан барша мақлұқатына «игілікке беру, инфақ ету, сыйға тарту» тәрізді қасиетті берген. Мәселен, ара өз мұқтаждығынан артығырақ етіп бал өндіреді. Аянбай тер төгіп, ғажайып пішінде дайындайды. Өндірген балының болмашы бөлігін адамдарға тарту етеді.
          Жеміс ағаштары да өз нәсілін жалғастыру үшін өте көп жеміс береді. Мыңдаған жемістің тек біреуінің тұқымы жерге түсіп, ағашқа айналса алға қойған мақсаты орындалады. Ал басқа жеміс адам баласына және жан-жануарларға бұйырады.
          Ал хайуандар адам баласының азығына арналған. Олар белгілі уақыт  ішінде өседі. Уақыты жеткенде адам баласы үшін өзін құрбан етеді.
          Топырақ аяқтың астында тапталғанмен үстінде жайылып жүрген хайуандардың тезегін, қиын тыңайтқышқа айналдырып, алуан түрлі көкөністің, жемістің өсуіне мүмкіндік жасайды.
          Бұл мысалдардың барлығы адамның халықшыл, өзгешіл болуына үгіттейді. Адам баласы да тапқан малының яки қол астындағы дүние-мүлкінің өз мұқтаждығын толықтай өтегеннен кейін ғана бір бөлігін Алла жолында жұмсауы (инфақ етуі) керек. Өйткені, Алла Тағала табиғатта мыңдаған мысалдарды көрсете отырып, құлының халықшыл, өзгешіл болуын қалайды.
       Ислам дінінде үкімі парыз зекет пен беруі міндетті (уәжіп) саналған пітір  садақаларынан өзге ұғымы өте кең садақа беру түсінігі бар. Мысалы, мал-мүлік арқылы қаржылай жәрдем берумен қатар, мұсылман бауырын көлігіне мінгізіп, тиесілі жеріне Алла разылығы үшін жеткізіп салуы, жылы шырай танытып, тәтті сөзімен оның көңілін аулауы да садақаға кіреді. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-нің төмендегі мына хадисі мұсылманшылықтағы садақа ұғымының кеңдігін көрсетеді.
     «Науқастанып қалған жанға, жақындарының, туыстарының, дос-жарандарының көрсетер алуан түрлі жәрдемдерінің бірі қан беру болып табылады. Әсіресе, сырқат пышаққа ілінгенде, яки қан көп жоғалтқанда қан беру садақаның абзалы әрі сауабы мол ізгі іс. Өйткені, мұндай қиын сәттерде қан беру, кісіні ажал тырнағынан арашалап, құтқарып қалумен тең».          
   Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сол себепті Біз Исрайл әулиетіне: «Қандай да бір адамды өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған жанды нақақ өлтірген адам, барша адам баласын өлтіргенмен тең. Ал ол жанды (өлім аузынан) алып қалған кісі, күллі адам баласын (өлім тырнағынан ) құтқарып қалғанмен тең », - деп адам өмірінің құндылығын тілге тиек етеді. («Мәйда» сүресі, 6-аят)                                                                                                              Шариғаттта дүние-мүлік арқылы жүзеге асырылған садақаның айрықша орны бар. Алла Тағала мұндай садақаның сауабын, сыйын өзі беретіндігін уәде етеді. Осындай садақаның сауабы жеті жүз есеге, одан да көп сауапқа жетіп жығылады. Ал қан берудің сауабы мұндай садақадан артық болады. Өйткені, бұл садақада сырқат адамның өмірін сақтап қалу мүмкіндігі бар. Ал адам өмірі кез келген дүниеден артық екені баршамызға аян.
     Сонымен қатар аталмыш ізгі істің құндылығын арттырар тағы бір жайт, бұл істің қайғы – қасіретке тап болып, көмекке зәру кісіге қол ұшын беру тұрғандығы анық. Міне, осы ерекшелік қан берудің Алла Тағала құзырында сауабының мол болатындығына айғақ бола алады.                     
      Бұган азаматтың асылы, ардақты Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың: «Кімде кім мұсылман баласын (кез келген дүниелік) қайғы-қасіреттен құтқарса, Алла Тағала оны қиямет күнгі қайғы-қасиеттердің бірінен құтқарады », - деген хадисі дәлел.
       Тіпті адамзат баласының ардақтысы пайғамбарымыздан (с.а.у.) қатты шөлдеген, ашықққан хайуанға су берудің, тамақтандырудың күнәлардың кешірілуіне себеп болатындығы жайлы сихих хабарлар жеткен. Сахабалардың бірі Әбу (с.а.у.) былай деп уақиға желісін тартқандығын нақыл етеді.
     «Бір кісі сапар шегіп келе жатып, қатты шөлдиді. Құдыққа түсіп, су ішіп, шөлін басады. Кейін құдықтан  шықса, бір ит тілі салақтап, қатты шөлдегендіктен дымқыл топырақты жеп жатыр екен. Кісі «Мынау да мен душар болған нәрсеге душар болған екен», - деп құдыққа қайта түседі. Мәсісіне су толтырып, оны аузымен тістеп құдықтан алып шығып, итке ішкізеді. Алла Тағала әлгі кісінің осы ізгі амалын қабыл етіп, күнәларын кешіреді».
    Маңайындағы сақабалар таңырқап: «Уа, Алланың Елшісі! Сонда бізге хайуандарға жасаған жақсы мәмілеміз үшін бізге сауап жазыла ма?» - деп сұрайды.
    Алла Елшісі (с.а.у.): «Иә! Әрбір тіршілік иесіне жасалған жақсы мәмілеге сауап жазылады», - деп жауап береді.
     Хадис шәріп желісінен хайуандарға жақсы мәміле жасау арқылы сауапқа қол жеткізуге болатынына айқын дәлел бар. Ал мұндай жақсылық адам баласына жасалып жатса, әсіресе мұсылман кісіге жасалса, мұндай ізгі амалдың  сауабының қаншалықты болатынын ойлап көріңіз. Жоғарыда айтылғандар қан берудің жалпы тұрғыдан сауабының молдығына дәлел. Ал егер кісі қанды өзінің туысына берер болса, мұндай ізгі істің сауабы тіптен арта түседі. Оған пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисі айғақ бола алады.
    «Міскінге берілген садақа бір садақаға жатады. Ал туысқа берілген садақа екі садақаға жатады. Садақа әрі туыстық қарым-қатынасты нығайтуға жатады».
    Сонымен қатар, туыстар арасындағы қатынасқа шайтан кірісіп немесе басқа себептерге байланысты ауыз бірлік бұзылған болса, қан берудің сауабы тіптен молая түседі. Мына хадис осыны көрсетеді.
    «Садақаның ең абзалы  - ішінде кек сақтап жүрген туысқа берілгені».
     Міне, жоғарыда келтірілген хадистер қан берудің садақа беруге жататынын әрі мұндай ізгі істің сауабы мол екенін көрсетеді.
                                                                                     
  Бауыржан ӘЛИҰЛЫ
"Нұр” газеті, Хижра 1432 жыл – Милади 2011 жыл, ДІНИ БАСЫЛЫМ  

Сурет www.uii.ac.id сайтынан алынды
Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov