1 375
Қан тапсыру – жан тапсыру емес
Осы мерейлі датаға орай, Қазақстан мен алыс-жақын шетелдерден келген мамандар халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосып, «Қан қызметінің даму болашағы мен маңызды сұрақтарын» талқыға салды.
Жалпы, отандық қан қызметі сексен жылдық тарихында дамуды да, дағдарысты да бастап өткерді. Дегенмен қай кезде де денсаулық сақтаудың ең маңызды саласы болып қала берді. Жоғары сапалы және қауіпсіз қан құюды қамтамасыз ету үшін қан қызметі соңғы 6-7 жылда Үкіметтің ерекше назарына алынған. Соның нәтижесінде оны халықаралық талаптарға сай дамыту тұрғысынан атқарылған шаруалар көп. Бұл өзгерістер ұйымдастырудан бастап, қан алу, қан құрамын айыру бойынша технологияларды жетілдіру, мамандардың біліктілігін арттыруды қамтыды. Сондай-ақ қан қызметінің нормативтік-құқықтық базасы жаңартылып, денсаулық сақтау саласындағы барлық мекемелер орындауы тиіс бірегей стандарттар қабылданды. Мамандар осындай шаралардың арқасында отандық қан қызметі халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді деп тұжырымдайды. –Бұл халықаралық конференцияға еліміздегі барлық облыстық қан орталықтарының, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Бельгия, Нидерланд, Литва секілді елдердің қан қызметінің өкілдері бас қосты. Сала мамандары қан қызметінің түйкілді мәселелері жөнінде пікір алмасты. Қазіргі кезде ең өзекті болып тұрған – қан қомпоненттері қауіпсіздігін және сапасын қамтамасыз ету. Осы бағытта елімізде соңғы 6-7 жылда үлкен жұмыстар атқарылды. Біздегі қан құрамдас бөліктерінің сапасы әлемдік талаптарға сай деп сеніммен айта аламыз. Қолданылатын құрал-жабдықтардың барлығы, донор қанын зертханалық зерттеуден өткізетін құралдар соңғы технология тілімен сөйлейді. Қан қызметінде түйткілі шешілмей тұрған мәселе – ерікті донорлықты дамыту. Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, 1000 адамға шаққанда, донор саны 50-60 болуы керек. Ал Қазақстандағы көрсеткіш 16-17-ден аспайды, – дейді Республикалық қан орталығы директорының орынбасары Гүлсара Бекмұхаева.
Қазақстандық қан қызметінің дамуы өзге елдерден кем түспейтінін шетелдік мамандар да мойындайды. Шығыс Еуропа және ТМД бойынша трансфузиологтар халықаралық қоғамы филиалының басшысы Евгений Жибурттың айтуынша, қан қызметі – өте технологиялық мамандық.
– Сондықтан ең маңызды сұрақтардың бірі – қолданылатын технологияны дамыту мәселесі. Қазақстан қан қызметін заманауи технологиялармен жабдықтау бағыты бойынша жоғары дәрежеде тұр. Мәселен, қостанайлық баяндамашы донорлық тромбоциттердің 70 пайызы ауру туғызатын барлық патогендерден тазартылатындығын айтты. Яғни қанды тексеру барысында анықталмаған, тіпті ашылмаған вирустардан залалсыздандырылады. Бұл өте қиын және қымбат технология. Тіпті АҚШ-та мұндай технология енгізілмеген. Сондай-ақ донорлық мәселесі де жақсы жолға қойылып келеді. Қан донорлығы жілік майының донорлығымен байланыстырылатыны өте дұрыс. Егер бұл үлкен реестр халықаралық жүйеге енгізілетін болса, жілік майын ауыстыруды қажет ететін пациенттерге донор табу оңай болады, – дейді Евгений Жибурт.
Мамандардың ерікті донорлықты дамытуға баса назар аударып отырған себебі – донор болмаса, қан қызметінің де мәні жоғалады. Бір рет қан өткізген адам 3 адамның өмірін сақтап қала алады екен. Сондықтан ерікті және тұрақты түрде қан өткізіп тұруды жан-жақты насихаттау маңызды. 1000 адамның ішінде 17-нің ғана қан өткізуі өте аз. Ал қажет кезінде қан тапшылығы туындамас үшін мыңның 50-60 тұрақты түрде қан өткізіп тұруы шарт. Жалпы, шетелдерде ерікті түрде қан өткізу жақсы дамыған. Ерікті донорлықты насихаттайтын үкіметтік емес ұйымдар көптеген елдерде жұмыс жасайды. Мәселен, қырғызстандық «Клуб-25» ерікті донорлар ұйымының өкілі Айсұлуу Алыбаева жастар арасында ерікті донорлықты насихаттаудағы өз тәжірибелерімен бөлісті:
–«Клуб-25» халықаралық ұйымының басты мақсаты – ерікті донорлық арқылы адамдардың өмірін сақтап қалуды насихаттау. Бұндай ұйымды құру идеясы 1989 Зимбабведе «Уәде беру-25» атауымен дүниеге келген. Бұл уәденің мәні – мектеп бітірген соң 25 рет ерікті түрде қан өткізу. Идеяның кең ауқым алуына жастардың қолдау көрсетуі маңызды рөл атқарды. Өйткені клуб жастармен өз тәжірибесімен бөлісіп, донорлық, салауатты өмір салтын ұстану мәселесін талқыға салды. Донорлық туралы ақпараттық парақшалар, нұсқаулықтар таратыла бастады. Кейіннен мұндай идеяны әлемдік қауымдастық қолдап, өзге елдерге де тез таралды. Қазіргі таңда әлемнің 60-тан аса елінде халықаралық «Клуб-25» ұйымының өкілдіктері бар. Осы жылдың мамыр айында бізді халықаралық «Клуб-25» ұйымы өз өкілдіктерінің бірі ретінде таныды. Біз республикалық қан орталығымен тығыз жұмыс жасаймыз. Міндетіміз – жастардың арасында ерікті донор болудың жолдарын, артықшылықтарын түсіндіру,– дейді Айсұлуу Алыбаева.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша, тұрақты түрде қан өткізетін адамның өмірі 5 жылға ұзарып, жүрек-қан тамырлары ауруының қауіпі бірнеше есе төмендейді екен. Өйткені атеросклерозға әкеп соғатын зиянды қосылыстар донордың қанында жиналып үлгермейді. Тұрақты түрде қан өткізетін адамдардың ағзасы да жасарып отырады. Оның үстіне қан өткізер кезде толық тексеруден өтетіндіктен, түрлі аурулар ерте кезеңінде анықталады.
Үмітжан Жапар
http://aikyn.kz/articles/view/57189





